Show menu Search
Mass Media
Official internet-resorce

You are here

"Қоғамдық тыңдауларды өткізу ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қоршаған ортаны қорғау министрінің 2007 жылғы 7 мамырдағы № 135-ө бұйрығына өзгерістер енгізу туралы

-A A +A

Қазақстан Республикасы Қоршаған ортаны қорғау министрінің 2012 жылғы 2 сәуірдегі № 88-ө Бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2012 жылы 23 сәуірде № 7589 тіркелді.
Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 9 қаңтардағы № 212-III Экологиялық кодексінің 17-бабының 30) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. «Қоғамдық тыңдауларды өткізу ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Қоршаған ортаны қорғау министрінің 2007 жылғы 7 мамырдағы № 135-ө бұйрығына (Мемлекеттік нормативтік құқықтық актілер тізілімінде № 4687 тіркелген, 2007 жылғы 15 маусымдағы № 90 (1293) «Заң газетінде» жарияланған) мынадай өзгерістер енгізілсін:
көрсетілген бұйрықпен бекітілген Қоғамдық тыңдауларды өткізу ережесі осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда баяндалсын.
2. Қазақстан Республикасы Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің Экологиялық заңнама және құқықтық қамтамасыз ету департаменті осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуінен кейін оның бұқаралық ақпарат құралдарында ресми жариялануын қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрық оның алғашқы ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.


      Министр                                           Н. Қаппаров


Қазақстан Республикасы Қоршаған
ортаны қорғау министрінің   
2012 жылғы 2 сәуірдегі    
№ 135-ө бұйрығына қосымша   
Қазақстан Республикасы Қоршаған
ортаны қорғау министрінің  
2012 жылғы 7 мамырдағы № 135-ө 
бұйрығымен бекітілген     

Қоғамдық тыңдауларды өткізу ережесі

1. Жалпы ережелер

1. Осы Қоғамдық тыңдауларды өткізу ережесі (бұдан әрі – Ереже) Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексіне сәйкес әзірленген және оларды іске асыру қоршаған орта мен азаматтардың денсаулығына тікелей әсер ететін жобаларды, сондай-ақ қоршаған ортаға эмиссияларға рұқсаттар алу үшін І және ІІ санат объектілеріне әзірленген қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспарларын (бұдан әрі – қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспарларының жобалары) талқылау мақсатында қоғамдық тыңдауларды өткізу тәртібін белгілейді.
2. Ереже қоршаған ортаның жай-күйі туралы шынайы және толық ақпаратты уақытылы алуға және жұртшылықтың экологиялық мәні бар шешімдер қабылдау процесіне қатысуға Қазақстан Республикасының азаматтары мен қоғамдық ұйымдарының конституциялық құқығын қамтамасыз ету қағидаттарына негізделген.
3. Осы Ережелерде мынадай терминдер мен анықтамалар қолданылады:
1) жұртшылық – халықтың мүддесін білдіретін қоғамдық бірлестіктерді қоса алғанда, жеке немесе заңды тұлғалар;
2) мүдделі жұртшылық – бұл қоршаған ортаға қатысты мәселелер бойынша шешімдерді іске асыру әсер ететін жұртшылық;
3) қоғамдық тыңдаулар – бұл қоршаған ортаның жай-күйіне кері әсер етуі мүмкін мәселелер бойынша шешімдер қабылдау кезінде қоғамдық пікірді ескеру мақсатында оны анықтау рәсімі;
4) тапсырыс беруші – көзделіп отырған басқарушылық, шаруашылық, инвестициялық және өзге қызметтің бастамашысы;
5) қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспарының жобасы - қоршаған ортаны қорғауға және оның сапасын жақсартуға бағытталған технологиялық, техникалық, ұйымдастырушылық, әлеуметтік және экономикалық шаралар кешенін қамтитын құжат.
4. Қоғамдық тыңдаулар іске асырылуы қоршаған ортаға және азаматтардың денсаулығына тікелей әсер етуі мүмкін жобалар бойынша, сондай-ақ қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспарларының жобалары бойынша өткізіледі.
5. Қоғамдық тыңдаулар талқыланатын мәселеге қатысы бар және құпиялы мәліметтері жоқ құжаттамалық ақпаратты зерделеу негізінде талқыланатын мәселе бойынша барлығы үшін тең өзінің дәлелді пікірін айтудың құқығын көздейді.
6. Қоғамдық тыңдаулардың қатысушылары:
1) мүдделі жұртшылық;
2) қоғамдық және үкіметтік емес ұйымдар мен бірлестіктер;
3) талқыланатын шешімдерді қабылдау құзыретіне жататын жергілікті атқарушы және өкілетті органдар, мемлекеттік органдар;
4) бұқаралық ақпараттар құралдары (бұдан әрі - БАҚ) болып табылады.
7. Оларды іске асыру қоршаған орта мен азаматтардың денсаулығына тікелей әсер ететін жобаларды және (немесе) қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспарларының жобаларын талқылау жөніндегі қоғамдық тыңдауларды тапсырыс беруші ұйымдастырады.
8. Тапсырыс беруші жергілікті атқарушы органдармен (олардың аумағында жұмыстар жүргізу жоспарланып отырған) қоғамдық тыңдауларды өткізу уақыты мен орнын алдын ала келіседі және БАҚ-та көзделіп отырған оларды іске асыру қоршаған орта мен азаматтардың денсаулығына тікелей әсер ететін жобаларды және (немесе) қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспарларының жобалары бойынша қоғамдық тыңдаулар өткізу туралы хабарламаны оларды өткізу уақыты мен орнын көрсете отырып жариялайды. Хабарламаларды жариялау мемлекеттік және орыс тілдерінде жүзеге асырылуы тиіс.
Тапсырыс беруші жұртшылықты ақпараттандырудың тәсілдерін (ақпараттық парақтар, стендтер және басқалары) қосымша пайдалана алады.
9. Хабарландыруда жұртшылық өкілдері оларды іске асыру қоршаған орта мен азаматтардың денсаулығына тікелей әсер ететін жобалардың материалдарымен және (немесе) қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспарларының жобаларымен таныса алатын мекенжай көрсетіледі.
10. Оларды іске асыру қоршаған орта мен азаматтардың денсаулығына тікелей әсер ететін жобаларды және (немесе) қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспарларының жобалары бойынша қоғамдық тыңдауларды ұйымдастыру туралы ресми хабарлау күнінен бастап Тапсырыс беруші жұртшылық өкілдерінің жоғарыдағы жобаларға қолжетімділігін, ескертулер мен ұсыныстар қабылдау мен тіркеуді қамтамасыз етеді.

2. Қоғамдық тыңдауларды өткізу тәртібі

11. Қоғамдық тыңдаулар күні белгіленген уақытта және белгіленген орында тыңдауларға қатысушыларды тіркеу өткізіледі (тыңдаулар басталардан 15-30 минут бұрын).
12. Қоғамдық тыңдауларды жергілікті атқарушы органның өкілі ашады.
13. Қатысушылардың көпшілік дауысымен күн тәртібі, регламент бекітіледі және төраға мен хатшы сайланады.
14. Оларды іске асыру қоршаған орта мен азаматтардың денсаулығына тікелей әсер ететін жобалар және (немесе) қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспарларының жобалары туралы Тапсырыс беруші өкілдерінің баяндамалары тыңдалады.
15. Тыңдауларда белгіленген регламентке сәйкес тілек білдіргендердің барлығына сөз сөйлеуге және баяндамашыларға сұрақтар қою құқығы ұсынылады. Баяндамашылар жұртшылық өкілдерінің сұрақтарына жауап береді.
16. Тапсырыс беруші баяндамаларды, сұрақтарды, жауаптарды және сөз сөйлеулерді жазу мен жинақтауды ұйымдастырады. БАҚ ресми өкілдері дыбыс және бейне жазбаларды орындау кезінде тыңдауларға қатысушылардың барлығын хабардар етеді.
17. Қоғамдық тыңдаулардың нәтижелері қоғамдық тыңдаулар хаттамасымен ресімделеді, оған төраға мен хатшы қол қояды. Хаттаманың оларды іске асыру қоршаған орта мен азаматтардың денсаулығына тікелей әсер ететін жобалардың нәтижелері жөніндегі бір данасы жергілікті атқарушы органдарға, қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспарларының жобалары бойынша Қазақстан Республикасы Экологиялық кодексінің 71-бабының 3-тармағына сәйкес рұқсат беретін органға беріледі.
18. Тапсырыс беруші қоғамдық тыңдаулардың нәтижелеріне талдау жасайды және қоғамдық пікірді ескере отырып, оларды іске асыру қоршаған орта мен азаматтардың денсаулығына тікелей әсер ететін жобаларды және (немесе) қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспарларының жобаларын пысықтау туралы шешім қабылдайды.
19. Қоғамдық тыңдаулар белгіленген уақытта келген қатысушы жұртшылық өкілдерінің, оның ішінде мүдделі жұртшылықтың санына қарамастан өткізіледі.

Published on: 29.09.2015 - 17:33:47
Updated on: 11.01.2016 - 11:20:08
© 2017

Official internet-resorce

Akimat of the South Kazakhstan Region