Мәзірді көрсету Іздестіру
БАҚ біз туралы

You are here

Шымкент агломерациясының даму жоспары бекітілді

-A A +A
1302/18

Бүгін Үкіметтің отырысында Шымкент агломерациясының даму жоспары бекітілді. Селекторлық режимде өткен жиында Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Ж.Түймебаев Шымкент агломерациясының Өңіраралық схемасы туралы баяндады.

Даму жоспары ҚР Инвестиция және даму министрлігімен бірлесе жасалғанын айтқан облыс әкімі, құжатты әзірлеу барысындағы 3 жылда көптеген кездесулер мен талқылаулар өткізілгенін жеткізді. Ал, ҚР Инвестициялар және даму министрі Ж.Қасымбек Шымкент агломерациясын дамыту жобасын қолдауды сұрады.

Оның айтуынша, Мемлекет басшысы «Қазақстан - 2050» стратегиясында Астана, Алматы және Шымкент, Ақтөбе қалаларында агломерацияларды дамыту бойынша стратегиялық қажеттіліктер белгіленген. Осыған байланысты өңір аумағының өсімін басқару үшін Шымкент агломерациясының аумақтарын дамытудың өңіраралық схемасы әзірленген.

«Агломерацияның ықпал ету аймағында Шымкент - орталық қаласы, Арыс қалалық әкімшілік пен облыстық жеті ауданның бөліктері кіреді. Олар: Бәйдібек, Қазығұрт, Ордабасы, Сайрам, Сарыағаш, Төле би және Түлкібас. Халық санының 2030 жылға қарай 2,3 миллионға ұлғаятынын ескере отырып, агломерацияның көші-қон ағымдарын реттеу қажет. Негізгі жоспарлау осьтері бойынша Сарыағаш, Арыс және Тұрар Рысқұлов секілді ірі елді мекендердің базасында контрмагнит қалаларды қалыптастыру ұсынылады»,-деді министр.

Шымкент агломерациясын дамыту жоспары аясында Үкімет басшысына көліктік жүйені дамыту үшін Шымкент қаласының Оңтүстік, Шығыс және Солтүстік бөліктерінде үш айналма жолды, қаланың сыртқы айналмадағы 118 шақырымын жөндеуді, Сарыағаш қаласының айналма жолы мен облыстық және аудандық маңыздағы 720 шақырым жолды жөндеуді ұсынды. Ұсыныстардың арасында «Шымкент-2» темір жолы мен Шымкентті айналма 43 шақырымдық темір жолды салу жобасы да бар. Сонымен қатар, Арыс вокзалын да жөндеудің маңғыздылығы мен Шымкент қаласы мен Сарыағаш ауданында 2020 жылға дейін екі көліктік-логистикалық орталық салу қажеттілігі де айтылды.

Осы ретте сөз алған облыс әкімі Жансейіт Түймебаев облыс халқының тығыздығы мен жергілікті экономиканың аграрлық сипатқа ие екеніне тоқталды. Шымкент агломерациясы даму жоспарын табысты іске асуы үшін жаңа жұмыс орны  ашылатын өндіріс кәсіпорындары мен мал басы 5-10 мыңнан асатын ірі агроөнеркәсіп кешендерін салу бүгінгі қажеттілігі екенін атап өтті.

«Шымкент агломерациясының ядросын электр қуатымен және газбен жабдықтау мәселесі де өзекті болып табылады. Осыған орай, «Астана-1,2» электр подстанциясынының құрылысын аяқтауға және АГРС-тың құрылысына республикалық бюджеттен қаржы бөлінсе. Ал елімізде дүниеге келіп жатқан балалардың 25 пайызы біздің облысқа тиесілі, сондықтан да агломерация аясында 175 жаңа мектептің қажет екенін атап өткім келеді. Шымкент қаласы ТМД елдерінің мәдени астанасы болып жариялануына байланысты және туризм индустриясының өркендеуіне орай қолданыстағы әуежайды қайта жаңғырту да кезек күтіп тұр. Мұндай ауқымды жобалар өңірдің жаңа қарқында дамуына серпін береді»,-деді Ж.Түймебаев.

Өңірдің аумақтың ресурстық және өндірістік әлеуетін ескере отырып, агломерация өнімді күштерін перспективті дамыту ұсынылды. Мәселен, 2030 жылға қарай Шымкентте фармацевтика, мұнай, химия, металлургия, құрылыс индустриясының, ғылым, сауда және қызмет көрсету салалары дамитын болады. Өңдеу өнеркәсібі 5 есеге ұлғаяды. Ауыл шаруашылығының кооперациялары мен агроөнеркәсіптік кешенінің дамуы мал шаруашылығының жалпы өнім көлемін төрт есеге және өсімдік шаруашылығының жалпы өнім көлемін бес есеге арттыруға ықпал етеді. Бұл өңірдің экономикалық негізін трансформациялауға, қызмет көрсету саласын агломерацияның көліктік-логистикалық және туристік әлеуетін дамытуға бағытталып отыр.

Сонымен бірге, 2030 жылға қарай облыста суармалы егіншілікті дамытып, азық-түлік белдеуі мен заманауи мал бордақылау алаңдарын, жылыжайлар мен сүт кешендерін, көкөніс қоймаларын құру жоспарланып отыр. Бұл өз кезегінде агроөнеркәсіптік кешенді дамыту және агроөнеркәсіп кешенінің кластерлері мен жалпы мал шаруашылығы өнімдерінің көлемін 137-ден 518 млрд. теңгеге дейін, өсімдік шаруашылығы өндірісін 131-ден 653 млрд. теңгеге дейін арттыруға мүмкіндік береді.

Агломерацияның даму жоспары негізінде инженерлік инфрақұрылымды жетілдіру назардан тыс қалған жоқ. Яғни, 2030 жылға қарай 72 елді мекеннің тұрғындарын орталықтандырылған сумен қамту жоспарланса, осы уақыт аралығында халықты көгілдір отынмен қамту деңгейін 46,3% -дан 94,3% -ға дейін арттыру көзделуде.

Мұнан бөлек, туризмді дамыту үшін Төлеби ауданындағы Қасқасу шатқалында ұзындығы 23 км болатын тау шаңғысы курортын құру. Туристік өнімді қалыптастыруда халықаралық және республикалық маңызы бар жолдардағы 229 тарихи-мәдени мұра объектілері мен 17 ерекше қорғалатын табиғи аумақ ұсынылды.

Енді Оңтүстік Қазақстан облысында жалпы аумағы 1573,5 мың гектарды құрайтын Шымкент агломерациясын дамытуға басымдық берілетін болады. Ондағы негізгі мақсат – қала аумағындағы елді мекендердің әлеуметтік, экономикалық, инфрақұрылымдық мәселелерін шешу.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі

 


© 2018

Ресми Интернет-ресурс

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдігі