Мәзірді көрсету Іздестіру
БАҚ біз туралы

You are here

Бастықтың сөдері мен мақалалары

-A A +A

«Оңтүстiк медицинасының мүмкiндiгi мол»

  Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сейiтжамал Орынбасарұлы ПАКЕЕВ:

  Соңғы жылдары облыстың денсаулық сақтау саласында жоғары технологиялар мен озық тәжiрибелердi қолдану мәселесiнде түбегейлi бетбұрыс жасала бастағаны белгiлi. Республикада Астана, Алматы мегаполистерiнен кейiнгi үшiншi қала мәртебесiне ие Шымкенттiң медицина саласындағы мүмкiндiгi молайды. Материалдық-техникалық база заманауи құрал-жабдықтармен жарақтандырылды. Жапония, Израиль, Германия, Польша, Ресей, Беларусь сияқты өркениеттi елдердiң бiлiктi мамандары облыс орталығындағы жергiлiктi дәрiгерлер арасында шеберлiк сыныбын өткiзуде. Күрделi оталар Шымкентте жасалып, өңiр дәрiгерлерi тәжiрибе жинақтау үстiнде. Бүйректi, бауырды трансплантациялауды бiздiң облыс республикада үшiншi болып енгiздi. Инсульттiң алдын алуда нейрохирургия саласында үлкен табыстарға қол жеттi. Алайда, халқы тығыз орналасқан өңiрдiң проблемалары мен шешiмiн күткен мәселелерi де жетiп артылады. Бұл жайында облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сейiтжамал Орынбасарұлы ПАКЕЕВ журналистермен жүздесуде әңгiмеледi.

  54 пайызы еңбекке жарамды

  – ОҚО тұрғындарының 60,9 пайызы ауылда, 39,1 пайызы қалада тұрады. Оларды жас шамасына қарай сараласақ, 54 пайызы еңбекке жарамды, ал, 39 пайызы– балалар. Облыс басшылығы медицина саласына үлкен қамқорлық танытып келедi. Әкiмдiктiң көмегi көп. Денсаулық сақтау саласының бюджетi 2010 жылы 52 400,8 млн. теңгеден 2014 жылы 89 941,9 млн. теңгеге өстi.

  2010-2014 жылдар аралығында облыстағы медициналық мекемелерге қажеттiлiк 577 нысан болса, оның 308-i салынып, iске қосылды. Солардың қатарында 261 БМСК (Бастапқы медициналық санитарлық көмек) нысаны салынды. Сонымен қатар, 10 емхана, 56 дәрiгерлiк амбулатория пайдалануға берiлсе, оның 38-iнде қабылдау бөлiмiнде iстейтiн мамандар үшiн үй де қоса салынды.

  Материалдық-техникалық жабдықтау көрсеткiшi де 2010 жылғы 25,5 пайыздан 2014 жылы 63,3 пайызға (республикалық көрсеткiш – 67) немесе 2,5 есеге өстi.

  Көп балалы отбасы 64 пайызды құрайды

  – Ана мен бала өлiмi төмендедi. Акушерлер мен гинекологтардың еңбегi орасан. Қайғылы және бақытсыз жағдайлардың алдын алу мақсатында пәрмендi шаралар қолданылып, күнделiктi мониторинг жүргiзiлуде. Емханалар акушер-гинеколог мамандармен, дәрiгерлермен толықтырылды. Облыстық балалар ауруханасының базасында неонтология, хирургия, балалар кардиохирургиясы, нейрохирургия қызметi бiршама дамып келедi. Мұндай операциялар Астана мен Алматы қалаларында ғана жасалатындықтан зерттеу қорытындылары да сол жаққа жiберiлетiн. Бұл күндерi облыстық балалар ауруханасында түрлi күрделi оталар жасалуда. Дәрiгерлер қазiргi заман талабына сай аппараттар мен құрал-жабдықтарда өз бетiнше жұмыс iстей алатын дәрежеге жеттi.

  Жаңа туған шарананы аман сақтау, №2 балалар аурухасында оңалту бөлiмшелерiн ашу – кезек күттiрмейтiн мiндеттердiң бiрi. Денсаулығында кiнәраты бар әлжуаз бөбектер сонда ем алуы тиiс. Әйелдер денсаулығының нашарлығы, уақтылы вакцина алмауы, отбасын дұрыс жоспарлай бiлмеуi, ортақ жауапкершiлiктiң жоқтығы, жүктiлiк кезiнде есепке уақтылы тұрмауы, материалдық ынталандырудың жоқтығы керi әсерiн тигiзуде. Дерек көздерiне жүгiнсек, облыста көп балалы отбасылар 64 пайызды құрайды. Тұрмысы төмен отбасылардағы бала өлiмiнiң көрсеткiшi бақуат жандарға қарағанда 3 есе көп.

  «Жедел жәрдемдi» кабинетiнде бақылайды

  – БМСК (бастапқы медициналық санитарлық көмек) желiсi мемлекеттiк нормативке сәйкестендiрiлдi. 2009 жылдан бастап, 3 585 штаттар бөлiнiп, жедел медициналық жәрдем бригадалары 173-ке (2010 жылы 148 едi), ал, санитарлық көлiк 274-ке (2010 жылы –184) көбейдi. Стансалар радиобайланыспен 100 пайыз қамтамасыз етiлдi. Нормативке сәйкес штаттар бөлiнiп, педиатр, терапевт және басқа да мамандар тартылды. Бас дәрiгер «Жедел жәрдемнiң» қай жерде, қандай бағытта жүргенiн кабинетiнде отырып-ақ көре алады. Шақыру қандай мезгiлде түстi, «Жедел жәрдем» науқасқа қанша уақытта жеттi, бәрi тiркеледi. Олар дiттеген жерiне 15-20 минутта жетiп баруда. Автокөлiктердiң стансаға қайтып баруы мiндеттi емес. Келесi қоңырауды жол-жөнекей радиобайланыс арқылы қабылдап кете бередi. «Жедел жәрдем» Шымкент қаласының басты әр аймағынан лезде шыға алады.

  Дәрiгерлер күрделi ота жасауды меңгердi

  – Қазiргi таңда Польша, Израиль, Беларусь мемлекеттерiнен келген бiлiктi мамандардың Шымкентте шеберлiк сыныптарын өткiзгенi белгiлi. Бұл бiзге тиiмдi. Таяуда онкологиялық аурулар диспансерiнде болып, науқастардың ахуалымен, емдеушi дәрiгерлердiң тыныс-тiршiлiгiмен таныстым. Бас дәрiгердiң айтуынша, Жапониядан, Монғолиядан мамандар шақырылып, ота жасалуда. Мамандарын сол жаққа жiберiп, шетелде оқытып жатыр. Бауырдың қатерлi iсiгiне 35 рет сәттi ота жасалыпты. Бұл екi жылдың нәтижесi.

  Мәди Қожаұлы Биғалиев басқаратын аурухана ұжымында да iзденiс мол. Мұнда 46 рет бүйрек ауыстырылды. 2 рет бауыр алмастырылды. Кардиологиялық орталық дәрiгерлерi жүрекке жасалатын неше түрлi күрделi әрi нәзiк операцияларды игеруде. Шетелдерде бiлiм алып, ота жасау дағдыларына машықтанғандар өз ұжымындағы әрiптестерiн үйретедi. Осы мақсатқа Үкiмет пен әкiмшiлiк қаржы аяп жатқан жоқ. Күнi бүгiнге дейiн 2 мыңнан астам дәрiгер оқуға барып, бiлiмiн жетiлдiрдi.

  Денсаулықтан ақша аяуға болмайды

  – Әлемдi әлсiретiп тұрған дағдарысқа қарамастан өңiрiмiзде әлеуметтiк мақсаттағы құрылыстар жүрiп жатыр. Жер-жерде емханалар, дәрiгерлiк амбулатория бой көтеруде. Мәселен, Ордабасы ауданындағы үш нысанда күрделi жөндеу жұмыстары жүруде. 17 тендер өтiп, оған тиiстi қаржылар аударылды.

  – 250 дәрiгердiң 27-i сынақтан өте алмай қалды...

  – Әрбiр дәрiгер өз жұмысын жетiк бiлуi тиiс. Бұрын медицина қызметкерлерi ауызша тест тапсыратын. ҚР Денсаулық сақтау министрлiгiнiң тапсырмасы бойынша ендiгi жерде дағдыларды тәжiрибе жүзiнде көрсетуi қажет. Мұны iстей алмаса, ол науқасты қалай емдейдi? Өкiнiшке қарай, Шымкент медициналық колледжiнде өткен аттестацияның нәтижесi осылай болды. Бұл дағдыларды бас дәрiгер де, оның орынбасарлары да бiлуi керек.

  – Бала сату фактiлерi әлi де кездесiп қалады...

  –  Мұндай келеңсiздiктердiң 2012 – 2013 жылдары орын алғаны рас. Соған байланысты 2 дәрiгер қамауда отыр. Сыбайлас жемқорлыққа қатысты облыс орталығындағы бiр емхананың бас дәрiгерi ұсталды. Тергеу амалдары жүрiп жатыр.

  – Адам ағзасын ауыстыру операциялары ақылы ма?

  – Осы мазмұндас сауалдар басқармаға да түскен. Донор дегенiмiз –туысқанына, жанашырына өз ағзасын толық және жартылай берiп жатқан адам. Ал, дәрi-дәрмегi, ота жасауы бәрi тегiн. Сынама алу, зерттеу кезiнде келеңсiздiк кездеспеген. Бұл мәселе–бiздiң тұрақты бақылауымызда.

  Басқарма жанынан құрылған сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөнiндегi қоғамдық кеңес жұмыс iстейдi. 3 адамнан тұратын iшкi аудит атқаратын жұмыс жеткiлiктi. Басшылыққа келгелi өз мiндетiне салғырт қараған 4 бас дәрiгер қызметiнен босатылып, 10 бас дәрiгер қатаң сөгiс алды. Ал, ендi «менiң кемшiлiгiмдi көрмедi. Тiптi, байқамай қалады» деп ойлайтын әрiптестерiм қатты қателеседi.

  Жасыратыны жоқ, соңғы кезде ақ желеңдiлерге негiздi-негiзсiз күйе жағу белең алып бара жатқандай. Оның үстiне қазiр дәрiгер болғысы келетiн жастар азайып барады. Бұл бiздi ойландырмай қоймайды. Неге? Бұрын студенттер 7 жыл оқыса, ендi дәрiгер мамандығын алуға 10 жылын сарп етедi. Көптеген дәрiгерлер кәсiбiн тастап, басқа жұмысқа ауысуда. Сондықтан бұл мамандықтың қоғамдағы мәртебесiн көтерiп, олардың жанкештi еңбегiн дұрыс бағалай бiлейiк дегiм келедi.

  Жазып алған Серiкқали ЖЕКСЕНБАЕВ.

  • Шілде 19 «Оңтүстік Қазақстан» газеті
Жарияланған: 20.01.2016 - 16:59:33
Жаңартылған: 20.01.2016 - 17:01:37
© 2018

Ресми Интернет-ресурс

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдігі