Мәзірді көрсету Іздестіру
БАҚ біз туралы

You are here

Облыс әкімі Ж.К.Түймебаевтың халық алдында есебі

-A A +A

Облыс әкімі Ж.Түймебаевтың

2016 жылы атқарылған жұмыстар

жөніндегі облыс халқы алдындағы есебі

 

 

Құрметті халайық!

Қадірменді қауым!

 

Өткен 2016 жыл берекелі жыл болды.

Халқымыз үшін ең ұлы мереке - Тәуелсіздіктің 25 жылдығы ерекше жоғары деңгейде аталып өтті.

Слайд 1

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың кемеңгер көшбасшылығының арқасында Қазақстан тарихтың сындарлы сәттерінен үлкен абыроймен өтті.

Ел экономикасының дамуы еселеп, халықтың тұрмыс-тіршілігі түбегейлі өзгерді.

Жалақы, жәрдемақы, зейнетақы жыл сайын өсіп, әлеуметтің әл-қуаты артты.

Осының бәрі Елбасымыздың Қазақстандағы тұрақтылық пен тыныштықтың, татулық және ел бірлігі жолындағы тынымсыз еңбегінің нәтижесі. Президентіміз биылғы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабылеттілік» Қазақстан халқына Жолдауында және Үкіметтің кеңейтілген мәжілісінде бүгінгі және болашақтағы мемлекетіміздің әлемдегі рөлі және орны туралы бағыт бағдарын нақты айқындап берді.

Құрметті жиынға қатысушылар!

Қазақстан Республикасының Президенті, Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Оңтүстік Қазақстан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына әрдайым көңіл бөлуде. Өткен 13 ақпандағы Ақордадағы қабылдауында Елбасымыз облысымыздағы өзекті проблемаларға баса назар аудару керектігін тапсырды. Сондықтан баршамыздың алдымызда осы тапсырмаларды ойдағыдай жүзеге асыру міндеті тұр.

Жаңа ғана сіздерге көрсетілген фильмде Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің өткен жылда атқарған жұмыстарының негізгі нәтижелері баяндалды.

Облысымызда 2016 жылы өнеркәсіп саласының өнімі 4,4%-ға пайызға өсіп, 776,8 млрд. теңгені құрады.

Слайд 2

Индустриалды–инновациялық даму бағдарламасының аясында өткен жылы 19 жобаіске қосылып, 600-ден астам жұмыс орны ашылды.

Слайд 3

2016 жылы облыстың индустриалды аймақтарында 15 жоба іске қосылып, 6 млрд. теңге инвестиция тартылды.

Слайд 4

«Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы аясында 303 жобаға қолдау көрсетіліп, 2126 жұмыс орны құрылды.

Барлық аудан, қалаларда "Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтары" арқылы37 232 адамға көмек көрсетілді.

Слайд 5

Жалпы Облыс экономикасына өткен жылы 380,6 млрд.теңге инвестиция тартылды.

Агроөнеркәсіп кешенінің өнімі мемлекеттік қолдаудың арқасында 4,9% артып 445 млрд. теңгеге жетті.

Егіс көлемі 13 мың гектарға ұлғайып, 788,8 мың гектар болды.

Слайд 6

Құрылыс жұмыстарының көлемі 2,3%-ға өсіп, 211,9 млрд. теңгені құрады. Жыл ішінде 530 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, 19%-ға көбейді.

Денсаулық сақтау саласында 4, білім саласында 39, мәдениет саласында 8, спортсаласында 2 нысан пайдалануға тапсырылды.

Слайд 7-8

«Жұмыспен қамту - 2020 жол картасы» бағдарламасы бойынша 18,8 млрд. теңге(2015 жылы - 5,4 млрд. теңге) игеріліп, 72,2 мың адам қамтылды.

2016 жылы облысымызда 36,2 мың тұрақты жұмыс орны құрылды.

24 ауыз су, 25 табиғи газ нысаны ел игілігіне ұсынылды.

640,9 шақырым автомобиль жолдары мен елді мекен көшелеріне құрылыс-жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Құрметті жерлестер!

Слайд 9

Оңтүстік Қазақстан облысы бірқатар өнім өндіруде республикада жоғары деңгейдегі көрсеткішке жетті. Соның ішінде ауыл шаруашылығы саласындағы облысымыздың республикадағы үлесі жылыжай көлемінен 80 пайызды, интенсивті бау - 72 пайызды, жүзім өндіруден - 68 пайызды, бақша өнімдерін өндірден - 61 пайызды, мақтадан - 100пайызды құрайды. Бұл облыс диқандарының ерен еңбегінің нәтижесі болып табылады.

Құрметті оңтүстік қазақстандықтар!

Атқарылған жұмыстар бойынша қысқаша тоқталып өттім.

Енді Сіздерге алдағы жүргізілетін жоспарлар туралы баяндайын.

Облыстағы өзекті мәселелерді айқындау мақсатында тұрғындар арасында екі бағытта социологиялық сауалнама-зерттеу жұмыстарын жүргізідік.

Нәтижесінде жүйелі негізгі мәселелер тобы анықталды. Олар: жалпы және жастар арасындағы жұмыссыздық; кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шаралары жөнінде халықтың бейхабар болуы; инфрақұрылымды дамыту және коммуналдық қызметтердің сапалылығы мен тарифтердің өсуі; егістікті ағын сумен қамтамасыз ету; тұрғын үймен қамту.

Сонымен қатар, дін жамылған идеологияның таралуы, сыбайлас-жемқорлық сипатындағы келеңсіздіктің орын алуы.

Айқындалған мәселелерді шешу үшін алдағы уақытта кешенді іс-шаралар жүзеге асырылады. Осы орайда қоғам болып бірлесіп жұмыс атқаруға шақырамын.

Елбасы биылғы Қазақстан халқына арналған Жолдауында жаңа индустриялар құрумен қатар, дәстүрлі өнеркәсіптің басым салаларына ерекше көңіл бөлді. Мұнда бәсекеге қабілетті экспортқа бағытталған өндірістерді дамыту міндеттеріне баса назар аударылды.

Осы бағыттағы жұмысты жандандыру мақсатында және облыстың Индустриаландыру картасы аясында 2017-2020 жылдары жалпы 91 жоба, оның ішінде үстіміздегі жылда20 жобаны жүргізуді жоспарлап отырмыз. Атап айтқанда:

Слайд 10

 

Инвестиция көлемі 580 млрд. теңгені құрайтын «Петро Қазақстан Ойл Продактс» мұнай өңдеу зауытын жаңғырту және 5,5 млрд теңге инвестиция тартылатын «HILL Corporation» ЖШС-нің пайдаланған майларды регенерациялау көзделіп отыр.

Слайд 11

 

20 млрд теңгеге «Шымкент цемент» зауытын жаңғырту, 3,5 млрд теңгеге «Azala Fabric» ЖШС-нің дайын тоқыма бұйымдары өндірісін кеңейту күтілуде. (2018 жылы).

 

Слайд 12

«Шымкент химия компаниясы» этил трет-бутилді эфирінің және полипропилен өндірісі (Инвестиция көлемі 19,8 млрд.теңге, іске асыру мерзімі 2019 ж.); «Standart Petroleum & Co» мұнай өңдеу зауыты салынатын болады. (Инвестиция көлемі 21,8 млрд.теңге, іске асыру мерзімі 2020 ж.)

2020 жылы өнеркәсіп өнімінің көлемін 1,1 трлн. теңгеге жеткізіп, орташа есеппен жыл сайын нақты көлем индексінің өсімі 2-3 % деңгейінде жоспарлануда. Жалпы облыс экономикасына 1 трлн. теңгеден астам инвестиция тартылады.

Слайд 13

 

Кәсіпкерлік

Кәсіпкерлікті қолдау мақсатында бұрынғыға қарағанда ұсынылатын шағын несие көлемі 18 млн. теңгеге дейін жеткізілді. Бұл несиенің берілу мерзімі Шымкент, Түркістан, Кентау қалаларына 5 жыл, ал қалған шағын қалалар мен елді мекендерге 7жыл. Жылдық пайыздық мөлшерлемесі 6 %-ды құрайды.

Мемлекеттің тарапынан жаңадан кәсібін бастайтындар үшін несиенің 85%-на, әрекеттегілерге 50%-на дейін кепілдендіріледі.

2017 жылы бұл бағытқа жалпы 3,1 млрд. теңге қарастырылып, 400-ге жуық жобалар қаржыландыру, мыңнан астам жұмыс орны құру жоспарлануда.

 

Осы мүмкіндікті пайдалану үшін ісін жаңадан бастайтын кәсіпкерлер мен шаруашылығын кеңейтуді көздейтіндерді аталған бағдарламаға қатысуға шақырамын.

Сонымен бірге «Даму" Қоры арқылы кәсіпкерлер үшін ұтымды бастаманы бастадық. Енді екінші деңгейдегі банктер арқылы қазынадан 1 млрд.теңге бюджеттік кредит бағытталып отыр. Яғни өңдеу өнеркәсібіндегі кәсіпкерлерге 8,5 %-бен несие берілетін болады. (Нарықта 19%)

Слайд 14

Көліктік-логистикалық аймақ

Оңтүстік Қазақстан "Батыс Еуропа - Батыс Қытай" халықаралық транзиттік дәліз бойында орналасқан. Осы мүмкіндікті пайдалану үшін Шымкент қаласында көліктік-логистикалық орталығын қалыптастырамыз.

Аталған аймақта жалпы ауданы 242,5 мың шаршы метр «А» және «В» санатты 8 қойма салынуда. Нәтижесінде, жылына 1,7 млн. тонна жүк қабылдайды. Қазіргі таңда19 мың шаршы метрді құрайтын қойма алаңдары пайдалануға берілді.

Инвестиция

Қадірменді халайық!

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 13-ші ақпандағы қабылдауында Оңтүстік Қазақстан облысына тартылатын инвестиция көлемін көбейтуді тапсырды.

Жалпы облысымыз инвестицияға тартымды өңір болып табылады. Енді біз Елбасының тапсырмасын тиянақты түрде орындау үшін бұл бағытта жаңа жобалар жасап отырмыз.

Слайд 15

Атап айтқанда ағымдағы жылы Үшінші инвестициялық форум өткізуді жоспарладық. Оның ішінде өздеріңізге белгілі ақпан айының басында "Қазақстан-Түркия" инвестициялық Форумы өтіп, оған 70 компанияның жетекшілері қатысты. Форум аясында 4 ынтымақтастық жөнінде меморандумға қол қойылды.

Енді сәуір айында Қазақстан мен Сауд Арабия елінен 40 компания өкілдерінің қатысуымен Оңтүстік Қазақстанға инвесторларды шақырады Форум өткізілетін болады.

Сонымен қатар мамыр айында "Оntustik Іnvest-2017" халықаралық инвестициялық Форумды өткізу жоспарланған. Оған 30 мемлекеттен 700-ге жуық делегат қатысады деп күтілуде.

Бұдан бөлек, машина жасау, туризм, ауыл шаруашылығы, тоқыма, "Ақылды қала" салалары бойынша ынтымақтастық орнату, тәжірибе алмасу мақсатында Германия, Ұлыбритания, Грузия, Испания, Италия, Түркия, Ресей және т.б. мемлекеттеріне ресми сапарлар жоспарланып жатыр.

Мұндай шаралар өңіріміздің инвестициялық мүмкіндіктерін таныстырып, жаңа әріптестік қатынас орнатуға жол ашады. Біз инвесторлардың Оңтүстікте орнығуы үшін барлық көмегімізді ұсынамыз.

Елбасы биылғы жылғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында агроөнеркәсіп кешенін экономиканың жаңа драйверіне айналдыру міндетін қойды.

Осы бағытта шаруа қожалықтары мен жеке қосалқы шаруашылықтардың, өнімін өткізу, сақтау жайы көзделуде. Өндіріс құралдарымен және материалдық-техникалық ресурстармен жабдықтау, қаржыландыруға қол жеткiзе алу үшін кооперативтер жүйесін жетілдіріп, өңірлік басымдылығына қарай агроаймақтар құратын боламыз.

Етті, сүтті мал шаруашылығы мен құс, балық шаруашалығыда дамытылады.

Слайд 16

Мәселен, 2017 жылдың өзінде мал бордақылау алаңдары бар 30 жекелеген қосалқы шаруашылық біріктіріліп, іске кіріседі. «Қайып ата» шаруашылығы жанынан 2000 басмалды бордақылайтын "Ханшайым" кооперативі құрылып, жылына өндірілетін 1 мыңтонна өнім толығымен экспортқа шығарылады.

Ағымдағы жылы 3000-нан астам отбасы 36 мыңнан аса ірі қара малды бордақылайтын алаңдарды қосымша ашады.

Осы бағыттағы агроаймақтар Қазығұрт, Сайрам, Түлкібас, Ордабасы, Бәйдібек, Созақ аудандарында құрылады.

Сонымен бірге, 2017 жылы қосымша 722 отбасылық сүт фермасын ашу жоспарлануда.

Слайд 17

Сондай-ақ, сүт өнімділігін арттыру бағытында «Қазына жер ЛТД» шаруашылығыжанынан 2600 бас ірі қара малды ұстайтын 6 кооператив ұйымдастырылып, жылына 8 мың тонна сүт өндіру көзделуде.

Ал Төлеби ауданындағы "Атамекен" корпорациясы 20 шаруашылықты біріктіріп,400 басқа арналған сүт өндіру кооперативін қолға алды.

Бұл бағыттағы агроаймақтар Сарыағаш, Төле би, Сайрам, Түлкібас, Орабасыаудандары мен Арыс, Түркістан қалаларында пайда болады.

Слайд 18

Құс етін өндіру үшін ағымдағы жылы 56 мың басты бағатын 14 құс фермасыашылады. Бұдан бөлек, «Шымкент құс» шаруашылығы мен қаржы институттарының қолдауы арқылы Төле би ауданындағы 20-дан астам шаруа қожалығы бірігеді. Олар балапандармен, қажетті құрама жеммен қамтамасыз етіліп, дайын өнімді орталыққа өткізу жүйесін жолға қояды. Мұндай агроаймақтар Ордабасыаудандары мен Арыс қаласында жүргізіледі.

Балық шаруашылығы бойынша 2017 жылы 7 балық өндіру кәсіпорнын құру жоспарлануда. «Ақсанат Инжиниринг» шаруашылығы тәжірибесі негізінде кооператив ашып, шаруашылықтарды қажетті уылдырық пен құрама жеммен қамтамасыз етеді. Мұндай шаруашылықтар Шардара, Ордабасы, Түлкібасаудандары мен Түркістан қаласында қалыптасатын болады.

Биязы жүнді қой шаруашылығын дамыту мақсатында «Қазығұрт Агро Сервис»шаруашылығы маңынан кооператив ашып, Қазығұрт пен Түлкібас аудандарында дамыту көзделіп отыр.

Слайд 19

Нәтижесінде 2020 жылға 90 мың жеке шаруа қожалықтарынан құралған 600-денастам кооператив нақты іске кіріседі.

Алдағы 5 жылда 4,6 мың шақырым каналды қалпына келтіріліп, 97 мың гектар алқап суландырылады.

ҚР Су ресурстары комитетінің тарапынан 3,4 мың шақырым каналға және 672 данагидроқұрылымға қайта құру жұмыстары жүргізіледі. Нәтижесінде жылына қосымша 60 млрд. теңгеге өнім өндіріледі.

Слайд 20

Облысымызда егіс көлемі 72,4 мың га ұлғайтылып, 861 мың га жеткізіледі.

Интенсивті бау, жылыжай, жаңғақ шаруашылықтарын дамыту жұмыстары белсенді түрде жүргізіледі. Дәстүрлі баулардан орташа гектарына 5-10 тонна өнім алынса, интенсивті баулардан 50-60 тонна өнім жинауға мүмкіндік бар.

Қазығұрт, Төлеби, Сайрам аудандарында қарқынды алма, жаңғақ бауларының,Шымкент қаласы мен Сарыағаш ауданында жылыжай кешені агроаймақтарын қосу көзделуде.

Слайд 21

Осыған байланысты интенсивті баулардың көлемі 8 мың га ұлғайтылып, 2,5 мың гажаңғақ көшеттері егіледі.

Жылыжайлар қосымша 1 177 га салынып, 2 300 га жетеді.

Сонымен бірге 44 мың га тамшылатып суғару әдісі енгізіледі.

Осы атқарылатын жұмыстардың нәтижесінде ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 1,4 есеге артып, 624,0 млрд. теңгеге жетеді. Экспорттың үлесі 22 пайыздан, 35%-ға көтеріледі (2016 ж. 22,7 %).

Облыста туризмді дамыту негізгі бағыттардың бірі.

Слайд 22

 

Бұл бағытта:

«Қасқасу» тау-шаңғы курорты;

«Сарыағаш» жаңа курорт қалашығы;

Түркістан, Отырар, Сайрам тарихи-танымдық, туризм кешені;

Шардара жағажай туризмі дамытылады.

Германия, Қытай, Ресей, Әзірбайжан, Жапония, Үндістан елдерінде өткізілетін халықаралық туристік көрмелерде өңірдің әлеуетін таныстырып, жаңа әуе рейстерін ашу мақсатында көптеген жұмыс атқарылады.

Инфрақұрылым

Өнеркәсіпті дамыту үшін қолайлы жағдай жасап, қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етудің сапасын жақсартуымыз қажет.

Осыған орай, облыс бойынша елді мекендердің электр қуатымен, табиғи газбен және ауыз сумен қамтылуына талдау жүргізіліп, тиісті жоспар дайындалды.

 

Электр қуатымен қамтамасыз ету.

Слайд 23

Облыс бойынша электр қуатына жалпы қажеттілік орташа 400 МВт сағатты құрайды. Оның 30%-ы ішкі көздер есебінен өндірілсе, 70%-ы еліміздің солтүстік өңірлерінен тасымалданады.

Жұмыс негізгі 3 бағытта жүргізілетін болады:

 

Бірінші. Облыс экономикасы мен үлкен, орта, шағын бизнестің тұрақты дамуын қамтамасыз ету мақсатында келесі ірі қосалқы станцияларын саламыз.

Олар:

- Қазіргі таңда Шымкент қаласында"Бозарық", "Астана 1,2" қосалқы станцияларының құрылысы жүргізілуде. (430 мың тұрғын);

- Мақтарал, Сарыағаш және Шардара аудандарына (705 мың тұрғынның)"Қызыләскер" қосалқы станциясының құрылысын ағымдағы жылы бастайтын боламыз;

- Ордабасы, Отырар аудандары мен Арыс қаласының (244 мың) "Бадам" қосалқы станциясының құрылысы 2018 жылы басталады.

 

Екінші. Облысымыздағы 149 елді мекендегі тұрғындарға сапалы электр қуатын жеткізу өзекті мәселе болып тұр. Тек ағымдағы жылдың бюджетінде аталған бағытқа8,8 млрд. теңге қаралып, 62 елді мекеннің халқы сапалы электр қуатымен қамтылады. Қалған 87 елді мекенде 2020 жылға дейін шешімін табады.

Үшінші. Облыста электр энергиясын өндіруді арттыруға бағытталған жұмыстарды жеделдету қажет.

Слайд 24

Қазіргі таңда, Шардара су электр станциясында жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Аяқталу мерзімі - 2018 жыл. Нәтижесінде, станцияның қуаты 100 МВт-тан 126 МВт-қа немесе 26 пайызға артатын болады.

Сонымен қатар, облыста баламалы қуат көздерін пайдалану бойынша 14 жобаныжүзеге асырамыз.

Ауыз сумен қамтамасыз ету

Слайд 25

Талапқа сәйкес бірінші кезекте жер асты су қорын анықтап бекіту қажет.

Жалпы су қорын анықтауды қажет ететін 383 елді мекен болса, бүгінгі таңға 244-індеіздеу-барлау жұмыстары аяқталды. 2017 жылы 34 елді мекенде, ал 2019 жылға дейін қалған 105-інде тиісті жұмыстар атқарылады. Осыған 1,6 млрд. теңге бағытталуда.

 

 

2017 жылы жаңадан 10 елді мекенде құрылыс жұмыстарын жүргізіп, орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған елді мекендер санын 628-ге жеткіземіз. Бұл өңірдегі тұрғындарды қамту деңгейін 74,4%-ға көтереді.

Жалпы 2020 жылы 702 елді мекендерге ауыз су жүйесін жүргізіп, тұрғындардың қамту деңгейін 83,2% жеткізу жоспарлануда. Бұл ретте ауыз суды тұрғындарға үздіксіз 24 сағат беруге назар аударылатын болады.

Қадірлі қауым!

Слайд 26

Облысымыз шекаралы аймақ саналатындықтан осы аптада мен шекаралы өңірдегі су мәселесін шешуге арналған Қазақстан-Өзбекстан үкіметтері арасында құрылған жұмысшы тобымен кездестім. Бас қосуда облысымыздың халқы үшін ерекше жобаны ұсындық. Мұндағы мақсатымыз көршімізбен келіскен түрде Өгем өзенін Қазығұрт, Сарыағаш, Мақтаарал аудандарына бұрып, жергілікті халықтың ауыз су мәселесін шешу.

(екпін салып айту) Егемендіктің алғашқы жылдарында-ақ қозғалған мәселенің кеше алғашқы келісімдерін жасадық. Енді мақсатқа толықтай жеткенімізде Оңтүстіктегі халықтың үштен бірі яғни 1 млн тұрғын ауыз су азабынан түбегейлі құтылады.

 

Табиғи газбен қамтамасыз ету.

Слайд 27

Облыстың тұрғындары мен кәсіпорындарын табиғи газбен кезең-кезеңімен қамтамасыз ету мақсатында 2021 жылға дейінгі жоспары әзірленді. 5 жылда қосымша 383 елді мекен табиғи газбен қамтамасыз етіледі.

Тек ағымдағы жылы жаңадан 57 елді мекен газдандырылып, жалпы қамтылғандарсаны 357-ге (42,3%) жетіп, 1 млн. 860 мың (65,3%) тұрғынды құрайтын болады.

2021 жылға табиғи газбен қамтылған елді мекендер санын 683-ке (80,9%) немесе 2 млн. 720 мың (95,6%) тұрғынға жеткізу межеленіп отыр.

Көп қабатты тұрғын үйлерді жаңғырту әрбір отбасы үшін өзекті мәселе.

Слайд 28

Шымкент пен аудан, қала орталықтарының сәулеттік келбетін заманауи талаптарға сәйкестендіру, көпқабатты үйлердің қасбетін жөндеу, аумағын абаттандыру мәселесі маңызды.

Облыста жалпы 3 152 көпқабатты тұрғын үй бар. Оның ішінде 1 581 күрделі жөндеуді қажет етсе, 183-інде аяқталды. Нәтижесінде жөндеуді қажет ететін үйлердің үлесі 50,1%-дан 44,4%-ға дейін төмендетілді.

Алдағы 4 жылда жалпы 488 көп қабатты тұрғын үйге күрделі жөндеу жүргізіліп, жөндеуді қажет ететін үйлер үлесін 28,8% дейін төмендету көзделуде.

 

 

Тұрғын үй.

Слайд 29-30

Баспанамен қамтамасыз ету бойынша қажеттіліктерді кезең-кезеңімен шешу үшін 2016 жылы 530 мың шаршы метр тұрғын үй тапсырылды.

(Екпін салып айту) Енді 2017 жылы жалпы 700 мың шаршы метр баспана тапсыру жоспарда бар. (170 мың шаршы метрге артық). Ағымдағы жылы 6 мыңнан астам отбасын қоныс тойы күтіп тұр.

Тұрғын үй құрылысын дамыту мақсатында жаңадан "Нұрлы жер" бағдарламасы іске асады.

Жеке тұрғын үй құрылысы бойынша Шымкент қаласында пилоттық жоба ретінде 76 гаалқапта 293 үймен "Бозарық" және 180 га алқапта 1 050 үймен "Таскен" коттеджді қалашықтар салынатын болады.

Жалпы облыста тұрғын үй құрылысын дамыту мақсатында 2017-2021 жылдарға арнайы Концепция дайындалып, болжамға сәйкес алдағы 5 жылда 4 млн 817 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі.

Әлеуметтік сала

«Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында 3 жылда 200 мыңнан астам азаматқа қолдау көрсетіледі. Оның ішінде:

Слайд 31

Еңбек нарығының сұранысына сәйкес 57 мыңнан астам адам кәсіби біліммен;

11 мыңға жуық адам өз ісін ашып, шағын несиемен, ал 22 мыңнан астам азамат әлеуметтік қолдау шараларымен қамтылады.

Жалпы бағдарламаны жүзеге асыру нәтижесінде:

- Негізгі, орта, жалпы және бастауыш білімі бар еңбек ресурстарының үлесі 20%-ды;

- Өзін-өзі қамтыған тұрғындар құрамындағы нәтижесіз жұмыспен қамтылған адамдардың үлесі 4%-ды;

- Белсенді жұмыс істейтін шағын және орта бизнес субъектілерінің өсуі 5%-ды құрайды.

Жалпы мемлекеттік және салалық бағдарламалар аясында үш жылда 142 мың жаңа жұмыс орны ашылып, жұмыссыздық деңгейін 5,0%-дан асырмау мақсатын көздеп отырмыз.

 

Денсаулық сақтау саласында біз негізінен облыстағы мынандай өзекті мәселелерді шешуді қолға аламыз.

Слайд 32

Біріншіден, жедел жәрдемнің дер кезінде науқастарға жету мәселесі. Осыған орай, Шымкент қалалық жедел жәрдем станциясы шетелдік инвесторға сенімді басқаруға беріледі. Нәтижесінде дүниежүзілік стандарттарға сәйкес, яғни, науқастарға 15 минуттың аясында медициналық көмек көрсетіліп, материалдық-техникалық базасы жақсарады.

Екіншіден, облыстағы 24 фельдшерлік-акушерлік, 38 медициналық пункттер мен 45 дәрігерлік амбулатория, 6 емхана саманнан салынған ғимараттарда орналасқан. Ал, Шымкент, Сарыағаш, Түркістан қалаларында перинаталдық орталықтар жетіспейді. Шымкент қаласында жаңадан замануи типтегі онкологиялық, туберкулезге қарсы диспансер мен симуляциялық орталық қажет.

Аталған мәселені шешу үшін тек бюджет қаржысын шығындамай, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында алдағы бес жылда 10 нысанның құрылысы іске асады.

 

Білім беру

Біздің болашағымыз келесі ұрпаққа берілген білімге байланысты екені баршамызға белгілі. Осыған орай, білім саласын одан әрі дамытуға аса мән беретін боламыз.

Слайд 33

"Балапан" бағдарламасы аясында 3 пен 6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі ұйымдармен қамту мәселесі басты назарда ұсталады. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестігі аясында балабақша санын арттыру нәтижесінде қамту деңгейін алдағы 3 жылда 100%-ға жеткізу жоспарлануда.

Өздеріңізге белгілі, облысымыз демографиялық даму жағынан республикада алдыңғы қатарда. Нәтижесінде жыл сайын мектептердегі оқушылар саны шамамен 30 мыңғаартуда. Сонымен қатар, облысымыздағы 1021 мектептің 256-сы бейімделген ғимаратта орналасса, оның 82-сі саманнан салынған. 31 елді мекенде мектеп жоқ, ал 29 мектеп үш ауысымға өтудің алдында.

Сондықтанда алдағы 5 жылда 205 жаңа мектеп салынады.

Шымкент қаласы

Өздеріңіз естігендей Елбасы кешегі қабылдауында Шымкент қаласын үшінші ірі мегаполиске айналдыру жайын тағы да нақтылады. Енді тапсырмаға сәйкес, негізгі жұмыстар қаланың архитектуралық келбетін жақсарту, инфрақұрылымын дамыту, абаттандыруға бағытталады.

Слайд 34-35

Әкімшілік-іскерлік орталығын дамыту:

2 518 пәтерлі 29 көпқабатты үйдің;

1 200 орынды мектептің;

8000 орынды мешіттің құрылысы жүргізілуде.

Алда

- Оқушылар сарайының;

- Өнер орталығының;

- "Shymkent mall" cауда орталығының құрылысына кірісетін боламыз.

Слайд 36-37

 

«Shymkent City» жобасы басталды.

Онда инженерлік-коммуникациялық жүйелердің және жолдардың;

540 пәтерлі 10 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде;

49 га саябақтың;

киноконцерт залының;

спорт кешенінің құрылысы жоспарлануда.

Шымкентті жасыл қала мәртебесіне айналдыру мақсатында "Шатқалдар" жобасы басталды.

Слайд 38-39-40

Астана даңғылы бойындағы 25 га, Төлеметов көшесіндегі 38 га, Тассай тұрғын үй алабындағы 25 га, Бозарық шағын ауданындағы 40 га аумақта қоғамдық демалыс орындары ашылады. Шымкенттің шеттеріндегі шатқалдар қараусыз, құм-тас алатын аумаққа айналғанын білесіздер. Ал шетелдік дәстүрде мұндай табиғи ландшафтар ерекше аймақ ретінде саналады. Біз дәл осы шатқалдарды қала тұрғындарының, қонақтарының сүйікті демалыс орталығына айналдырамыз.

Шымкент қаласының аумағынан шатқалды түгендеп шықтық. Енді кезең - кезеңімен осы жерлерді саябаққа айналдыратын боламыз.

Сонымен бірге 34 гектарды құрайтын ескі қоқыс полигоны аумағында жаңа саябақ салынады.

Слайд 41-42-43-44

 

Көлік инфрақұрылымын дамыту маңызды мәселе.

- «Бекжан» базары аумағында жол өткелінің құрылысы басталады.

- Бәйдібек-Арғынбеков-Назарбеков-Астана көшелерінде;

- Жібек Жолы – Сайрам көшелерінде;

- Рысқұлов – Қонаев көшелерінде;

- Бәйдібек би көшесі – Кіші айналма жолында жолайырықтардың құрылысы жүргізілетін болады.

 

Құрметті ағайын!

Елбасымыздың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауында мемлекеттік қызметтер көрсету үдерісін мейлінше оңтайландыру және электрондық форматқа көшіру тапсырылды. Осыған орай:

- Республика көлемінде алғаш болып тікелей перинаталды орталықтарда баланың тууын тіркеуге өтініш беру, балабақшаға кезекке қою және жәрдемақы тағайындау қызметтері үшін «Бала туу» композиттік автоматтандырылған қызметін ұсыну жолға қойылды;

- Дәрігердің қабылдауына жазылу, үйге шақыру, емханаға тіркелу қызметтері үшін барлық медициналық ұйымдарға кешенді медициналық ақпараттық жүйе енгізіледі;

- Мұғалімдерді жұмысқа қабылдау, медицина қызметкерлері мен педагогтарды аттестациялаудан өткізу барысы толық автоматтандырылады;

- Республика көлемінде бірінші болып облыстың барлық елді мекендерін қамтыған электронды карта құрылды;

- Жер, сәулет және қала құрылысы саласындағы мемлекеттік қызметтер де автоматтандырылатын болады.

 

Шет елдермен тәжірибе алмасу

Жуырда білім, денсаулық, мәдениет, қаржы, жол құрылысы, энергетика, туризм салаларының мамандары мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінен жалпы саны147 адамнан тұратын үш топ Түркия тарапының есебінен тәжірибе алмасу үшін барып қайтты.

Әр сала мамандары өз бағыты бойынша бауырлас елде білімдерін шыңдап, біліктіліктерін жетілдірді.

Мәселен, Стамбул қаласында облыстық медицина саласының 50 қызметкерінеарналған мастер-класстар мен оқыту семинарлары ұйымдастырылды.

Семинарлар мен мастер-класстардың негізгі бағыты – жүрек пен қантамыр аурулары, онкологиялық дерттер, ана мен балаға медициналық жәрдем көрсетудің біріктірілген моделін енгізуге бағытталғанын айта кеткен жөн. 

Мастер-класстар барысында облыс дәрігерлері ота мен манипуляция жасауды және науқастарды емдеу тәртібін үйреніп, арнайы сертификаттарды иеленді.

Одан бөлек, Шымкент қаласының басшылық құрамы, сәулет-құрылыс саласының мамандары «Дикмен», «Солтүстік Анкара» жобасы бойынша шатқалдарды абаттандыру барысы мен көпқабатты тұрғын үйлердің сырт келбетін ажарландыру тәжірибесін зерттеді.

Сондай-ақ, біздің мамандар ірі өндіріс орындары шоғырланған «Синджан»индустриалды аймағына барып, бірқатар кәсіпорындардың тыныс-тіршілігімен де танысты.

Шетелдік озық тәжірибенің артықтығы жоқ. Үйрену ұят емес, үйренуге ұмтылмау ұят.

Қадірлі көпшілік!

2017 жыл - елеулі мерейтойлық даталарға толы жыл.

Ағымдағы жылғы 29 қаңтар – 8 ақпан аралығында Алматы қаласында өткен XXVIII Дүниежүзілік қысқы Универсиада жоғарғы деңгейде атап өтілді.

Әлемдік деңгейдегі оқиға Қазақстанның маңызды мәртебесін және Мемлекет басшысының спортты дамытудағы ерекше рөлін айшықтады.

Универсиадаға облысымыздан 5 спортшымыз қатысып еліміздің қоржынын - 1 алтын, 1 күміс, 1 қоламен толықтырды.

Енді 2017 жылдың басты оқиғасы Астана қаласында халықаралық мамандандырылған «EXPO–2017» көрмесінің өткізілуі болмақ.

Аталған іс-шараның ауқымы мен сипатын ескере отырып, оның оң нәтижесін жан-жақты дәріптеу маңызды.

Мемлекет басшысының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауын, сондай-ақ, Ұлт жоспары мен «2050-Стратегиясының»басым бағыттарын жүзеге асыру, «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идеясының негізінде жаңа қазақстандық патриотизмнің базалық негіздерін айшықтау және ілгерілету жөніндегі жұмыстарды жандандыру - біздің басты мақсатымыз.

 

Қымбатты жерлестер!

Бүгін мен 2016 жылы атқарылған жұмыстарға тоқталып, алда жүзеге асатын ірі жобаларды баяндадым.

Алдымызда ауқымды міндеттер тұр.

Елбасымыздың «XXI-ғасыр Қазақстанның «алтын ғасыры» болады» деген сөзі – бізді қашан да жаңа мақсаттарға жігерлендіреді.

(Екпінмен айту)

Әрқашан да бірлігіміз бекем, тірлігіміз көркем болсын ағайын!

Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың көрегенділігімен Қазақ елін әлемнің үздік отыздығына енгізу жолында аянбай еңбек ете берейік!

Баршаңызға рахмет!

 

Жарияланған: 22.02.2017 - 14:41:40
Жаңартылған: 24.02.2017 - 09:25:22
© 2017

Ресми Интернет-ресурс

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдігі