Мәзірді көрсету Іздестіру
БАҚ біз туралы

You are here

Оңтүстік Қазақстан облысының Қоғамдық кеңесі туралы Ереже

-A A +A

Оңтүстік Қазақстан облыстық

Мәслихатының 2016 жылғы

8 сәуірдегі №2/9-VI шешімімен бекітілген

Оңтүстік Қазақстан облысының Қоғамдық кеңесі туралы Ереже

1. Жалпы ережелер

  1. Осы Оңтүстік Қазақстан облысының Қоғамдық кеңесі туралы Ереже (әрі қарай - Ереже) «Қоғамдық кеңестер туралы» 2015 жылғы 2 қарашадағы Қазақстан Республикасы Заңының 8 бабының 6 тармағына (әрі қарай - Заң) және Қазақстан Республикасы Үкіметінің  2015 жылғы 31 желтоқсандағы №1194 қаулысымен бекітілген Қоғамдық кеңес туралы үлгілік ережеге (әрі қарай – Үлгілік ереже) сәйкес  әзірленді.
  2. Оңтүстік Қазақстан облысының Қоғамдық кеңесі (әрі қарай – Қоғамдық кеңес) – консультативтік-кеңесші, байқаушы орган.
  3. Мемлекеттік органдардың жанынан осы Заңда көзделгеннен өзгеше тәртіппен құрылатын консультативтік-кеңесші, байқау органдары және коммерциялық емес ұйымдар «қоғамдық кеңес» атауына ие бола алмайды және осы Заңда белгіленген өкілеттіктерді толық көлемде иелене алмайды.
  4. Қоғамдық кеңес өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, оған сәйкес заңдарды, Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерін, өзге де нормативтік құқықтық актілерді, Үлгілік ережені, сонымен қатар осы Ережені басшылыққа алады.

2. Қоғамдық кеңестің мақсаты мен міндеттері

5. Азаматтық қоғамның қоғамдық маңызды мәселелер бойынша пікірін білдіру қоғамдық кеңестер қызметінің мақсаты болып табылады.

6. Қоғамдық кеңестердің міндеттері:

1) азаматтық қоғамның мүдделерін білдіру және жергілікті деңгейлерде шешімдерді талқылау мен қабылдау кезінде жұртшылықтың пікірін ескеру;

2)  жергілікті атқарушы органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының азаматтық қоғаммен өзара іс-қимыл жасауын дамыту;

3) қоғамдық бақылауды ұйымдастыру мен жергілікті атқарушы органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдары қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету болып табылады.

3. Қоғамдық кеңес қызметінің қағидаттары

7. Қоғамдық кеңес өз қызметін мынадай қағидаттар негізінде жүзеге асырады:

1) қоғамдық негіздегі қызметі;

2) автономдық;

3) дербестік;

4) жариялылық;

5) олардың мүшелерін кезең-кезеңмен ротациялау.

4. Қоғамдық кеңестің өкілеттіктері

8. Қоғамдық кеңестің өкілеттіктеріне мыналар:

1) бюджеттік бағдарламалар әкімшісінің бюджеттік бағдарламаларының жобаларын, аумақтарды дамыту бағдарламаларының жобаларын талқылау;

2) бюджеттік бағдарламалар әкімшісінің бюджеттік бағдарламаларының, аумақтарды дамыту бағдарламаларының орындалуын талқылау;

3) атқарушы органдардың нысаналы индикаторларға қол жеткізуі туралы есептерін талқылау;

4) бюджеттік бағдарламалар әкімшісінің бюджеттік бағдарламалардың іске асырылуы туралы, тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өткізуден түсетін ақша түсімдері мен шығыстары жоспарларының орындалуы туралы, қайырымдылықтан түсетін ақшаның түсуі мен жұмсалуы туралы есептерін талқылау;

5) азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлеуге және талқылауға қатысу;

6) қызметтік әдеп нормаларының сақталуын қоса алғанда, мемлекеттік басқаруды жетілдіру және мемлекеттік аппараттың ашық жұмысын ұйымдастыру мәселелері бойынша жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау;

7) Қазақстан Республикасының заңнамасын жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірлеу және оларды мемлекеттік органдарға енгізу;

8) қоғамдық бақылауды, тыңдауды, сараптама жүргізуді осы Заңда көзделген реттерде жүзеге асыру;

9) қызмет бағыттары бойынша комиссиялар құру жатады.

5. Қоғамдық кеңестің және оның мүшелерінің құқықтары мен міндеттері

9. Қоғамдық кеңес мүшелері өз өкілеттіктерін іске асыру мақсатында:

1) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген негізде және тәртіппен мемлекеттік органдарға кіруге;

2) тиісті мемлекеттік органмен келісу бойынша, жергілікті мемлекеттік басқару органдарының жұмысына қатысуға;

3) осы Заңда белгіленген өз өкілеттіктерін жүзеге асыру мақсатында қоғамдық маңызы бар мәселелер бойынша мемлекеттік органдарға, жергілікті мемлекеттік басқару органдарына жүгінуге құқығы бар.

10. Өз қызметінде Қоғамдық кеңес және оның мүшелері:

1) Конституцияның, оған сәйкес келетін заңдардың, Қазақстан Республикасының Президенті, Қазақстан Республикасының Үкіметі актілерінің, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік-құқықтық актілерінің нормаларын сақтауға;

2) өз қызметін жұртшылықпен өзара іс-қимыл жасай отырып жүзеге асыруға;

3) өз қызметі туралы жылдық есепті бұқаралық ақпарат құралдарында жариялауға және (немесе) тиісті мемлекеттік органның, жергілікті өзін-өзі басқару органының интернет-ресурсында орналастыруға міндетті.

  1. Қоғамдық кеңесті қалыптастыру

11. Қоғамдық кеңес Заңда белгіленген тәртіппен қалыптастырылады.

12. Қоғамдық кеңес мемлекеттік органдардың өкілдері және конкурстық негізде – коммерциялық емес ұйымдардың өкілдері, азаматтар арасынан жұмыс тобпен қалыптастырылады.

13. Қоғамдық кеңес мүшелерінің санының құрамын жұмыс тобы айқындайды. 

14. Жұмыс тобының құрамында мемлекеттік органнан өкілдік ету жұмыс тобы мүшелерінің жалпы санының үштен бірінен аспайды. Осы өкілдіктің дербес құрамын мемлекеттік органның басшысы өз бетінше айқындайды.

15. Қоғамдық кеңес мүшелігіне кандидатураларды коммерциялық емес ұйымдар, азаматтар ұсынуы, оның ішінде өзін-өзі ұсынуы мүмкін.

16. Жұмыс тобы конкурс туралы хабарландыруды мемлекеттік органның атауын, пошта мекенжайын, құжаттарды тапсыру мерзімдерін, конкурсқа қатысу үшін Заңның 10-бабына сәйкес құжаттар және өзге де мәліметтер жіберілетін электрондық поштаның мекенжайын көрсете отырып, жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында жариялайды және (немесе) мемлекеттік органның интернет-ресурсында орналастырады.

17. Коммерциялық емес ұйым болып табылатын бір заңды тұлғадан Қоғамдық кеңеске бір ғана өкіл сайлана алады.

18. Қоғамдық кеңестің төрағасы – мемлекеттік қызметте жұмыс істемейтін белгілі қоғам қайраткерлері арасынан оның төрағасы сайланады.

Қоғамдық кеңеске мүшелікке үміткер кандидаттарға Заңның 10-бабындағы талаптар қойылады.

19. Қоғамдық кеңестің қалыптастырылған құрамы жергілікті өкілді органның шешімімен бекітіледі және бұқаралық ақпарат құралдарында жариялануға және (немесе) тиісті органның интернет-ресурсында орналастырылуға жатады.

20. Қоғамдық кеңес өкілеттіктерінің мерзімі үш жылды құрайды.

7. Қоғамдық кеңестің қызметін ұйымдастыру

21. Қоғамдық кеңестің бірінші отырысын жұмыс тобының жетекшісі ашады.

Осы отырыста ашық дауыс беру арқылы Қоғамдық кеңестің төрағасы, хатшысы және төралқасының бүкіл құрамы сайланады.

22. Қоғамдық кеңестер жұмысының негізгі нысаны отырыстар болып табылады. Қоғамдық кеңестің отырысы оның мүшелерінің жалпы санының кемінде үштен екісі қатысқан кезде құқықты деп есептеледі.

Қажет болған жағдайларда Қоғамдық кеңестің отырысына оның шешімімен мемлекеттік органдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының, ғылыми, кәсіптік және басқа да ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ сарапшылар мен өзге де мамандар шақырылуы мүмкін.

23. Қоғамдық кеңестің отырыстары ашық болып табылады.

Қоғамдық кеңестің отырыстарын өткізу шарттары мен тәртібі, сондай-ақ шешімдер қабылдау тәртібі Қоғамдық кеңес туралы ережеде айқындалады.

Отырыстар өткізудің өзге де мәселелері Қоғамдық кеңестің шешімімен айқындалады.

24. Қоғамдық кеңес өз қызметін жүзеге асыру кезінде аудандық, қалалық Қоғамдық кеңестермен өзара байланыста жұмыс жасайды, қажет болған жағдайда олардан құжаттар сұратады, отырыстарына шақырады.

25. Қоғамдық кеңестердің мүшелері өз өкілеттіктері шегінде кеңесші дауыс беру құқығымен өзге де қоғамдық кеңестердің қызметіне қатыса алады, ал бұдан басқа, жергілікті деңгейде ауданның, облыстық маңызы бар қаланың Қоғамдық кеңесінің төрағасы облыстық Қоғамдық кеңестің құрамына кіруге құқылы.

26. Қоғамдық кеңестің қызметін ұйымдастырушылық қамтамасыз етуді қатысуымен Қоғамдық кеңес құрылған тиісті мемлекеттік орган жүзеге асырады.

8. Қоғамдық кеңестің ұйымдық құрылымы және оның төралқасының өкілеттіктері

27. Отырыс Қоғамдық кеңестің жоғары органы болып табылады.

28. Қоғамдық кеңес қызметіне басшылықты жүзеге асыру үшін оның отырыстары арасындағы кезеңде Қоғамдық кеңес төралқасы сайланады. Төралқаның құрамына Қоғамдық кеңестің төрағасы мен хатшысы, қатысуымен Қоғамдық кеңес құрылған мемлекеттік органның басшысы, Қоғамдық кеңес комиссияларының төрағалары, жекелеген мүшелері кіреді.

29. Төралқаның құрамына Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары кіре алады және Қоғамдық кеңестің қызметіне қатыса алады.

30. Қоғамдық кеңестің төралқасы:

1) Қоғамдық кеңес комиссияларының жұмысын үйлестіреді;

2) Қоғамдық кеңестің отырыстарын өткізуге дайындықты ұйымдастырады;

3) Қоғамдық кеңестің қызметін ұйымдастырушылық және ақпараттық қолдауды қамтамасыз етеді.

31. Қоғамдық кеңес өз өкілеттік мерзімі шегінде Қоғамдық кеңес мүшелері арасынан өз  қызмет бағыттары бойынша комиссиялар құрады.

9. Қоғамдық кеңес төрағасы мен хатшысының өкілеттіктері

32. Қоғамдық кеңестің төрағасы:

1) Қоғамдық кеңестің қызметін ұйымдастырады;

2) отырыстарда төрағалық етеді;

3) Қоғамдық кеңестің атынан құжаттарға қол қояды;

4) Қоғамдық кеңестің шешімдерін іске асыру жөніндегі қызметті үйлестіреді;

5)  жергілікті мемлекеттік басқару органының отырыстарына кеңесші дауыс беру құқығымен қатысады;

6) өзі болмаған уақытта төрағаның міндеттерін орындауды Қоғамдық кеңес төралқасы мүшелерінің біріне жүктейді.

33. Қоғамдық кеңестің хатшысы:

1) Қоғамдық кеңестің отырыстарын дайындау мен өткізудің ұйымдастырушылық мәселелерін шешуді қамтамасыз етеді;

2)  Қоғамдық кеңесте іс жүргізуді ұйымдастырады және жүргізеді, сондай-ақ Қоғамдық кеңес шешімдерінің орындалу мерзімдеріне бақылау жасайды.

10. Нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлеуге және талқылауға қатысу

34. Жергілікті өкілді және атқарушы органдар азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты нормативтік құқықтық актінің жобасын қоғамдық кеңеске талқылау және ұсынымдарды тұжырымдау үшін жібереді.

Азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қозғайтын нормативтік-құқықтық актінің жобасы бойынша ұсынымдар беру үшін белгіленетін мерзім Қоғамдық кеңеске келіп түскен кезінен бастап он жұмыс күнінен кем болмауға тиіс.

Ұсынымдар нормативтік-құқықтық акт қабылданғанға дейін оның жобасына, оның ішінде осы жобаны мүдделі мемлекеттік органдармен әрбір келесі келісу кезінде міндетті қосымша болып табылады.

Ұсынымдар қазақ және орыс тілдерінде беріледі.

35. Жергілікті өкілді немесе жергілікті атқарушы орган Қоғамдық кеңестің ұсынымдарымен келіскен кезде нормативтік-құқықтық актінің жобасына тиісті өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізеді.

Жергілікті өкілді немесе жергілікті атқарушы орган ұсынымдармен келіспеген жағдайда Қоғамдық кеңеске он жұмыс күні ішінде келіспеу себептерінің негіздемесі бар жауап жібереді. Негіздемесі бар мұндай жауаптар нормативтік-құқықтық акт қабылданғанға дейін оның жобасына міндетті қосымша болып табылады.

11. Қоғамдық тыңдауды ұйымдастыру және өткізу тәртібі

36. Қоғамдық тыңдауды ұйымдастыру мен өткізу тәртібі Заңмен және осы Ережемен айқындалады.

37. Қоғамдық тыңдауды ұйымдастыру және өткізу тәртібінде:

1) қоғамдық тыңдауға қатысушыларды оның өткізілетін уақыты мен орны туралы бұқаралық ақпарат құралдары және (немесе) жазбаша шақырулар арқылы, бірақ ол өткізілетін күннен кемінде күнтізбелік он күннен кешіктірмей күні бұрын құлақтандыру;

2) қоғамдық тыңдауға шығарылатын нормативтік-құқықтық актілер мен шешімдердің жобаларымен, бірақ ол өткізілетін күннен кемінде күнтізбелік он күннен кешіктірмей күні бұрын таныстыру;

3) қоғамдық тыңдауға қатысуды қамтамасыз ететін басқа да шаралар;

4) қабылданған шешімдерді уәждеп негіздеуді қоса алғанда, қоғамдық тыңдаудың қорытынды хаттамасын жариялау көзделуге тиіс.

38. Қоғамдық тыңдау Қоғамдық кеңес мүшелерінің бастамасы бойынша өткізіледі.

Қоғамдық кеңес төрағасының тапсырмасы бойынша Қоғамдық кеңес комиссиялары қоғамдық тыңдаулар өткізуге құқылы.

39. Қоғамдық тыңдауды өткізу барысында Қоғамдық кеңеспен немесе Қоғамдық кеңес комиссияларымен хаттама жүргізіледі, онда:

1) қоғамдық тыңдау өткізілетін күні мен орны;

2) қатысушылардың саны;

3)  қоғамдық тыңдау төрағасы мен хатшысының тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе);

4) күн тәртібі, сөйлеген сөздердің мазмұны тіркеледі.

40. Қоғамдық тыңдау нәтижелері бойынша Қоғамдық кеңес немесе Қоғамдық кеңес комиссияларымен қорытынды хаттама қабылданады, оған қоғамдық тыңдау төрағасы мен хатшысы қол қояды.

41. Қорытынды хаттама, егер оған Қоғамдық кеңестің немесе Қоғамдық кеңес комиссияларының қатысып отырған мүшелерінің жартысынан астамы дауыс берсе, қабылданды деп есептеледі.

42.  Қорытынды хаттама негізінде Қоғамдық кеңестің төрағасы қол қоятын ұсынымдар қабылданады.

43.  Қоғамдық кеңестің төрағасы қорытынды хаттама негізінде қабылданған ұсынымдарды:

1) мемлекеттік органдарға, қоғамдық бақылау субъектілеріне;

2)  зерделеу және шаралар қолдану үшін мемлекеттік органдардың қызметін бақылауды жүзеге асыруға уәкілеттік берілген мемлекеттік органдарға;

3) бұқаралық ақпарат құралдарына жібереді.

12. Қоғамдық кеңес мүшелерінің өкілеттіктерін тоқтату

44. Қоғамдық кеңестің мүшесі жазбаша түрде өтініш беру арқылы өз қалауы бойынша оның құрамынан шыға алады.

45. Қоғамдық кеңестің мүшесі денсаулық жағдайына байланысты оның жұмысына қатысуға мүмкіндігі болмаған жағдайда не осы Заңның 10-бабының 1-тармағында көзделген өзге де негіздер бойынша Қоғамдық кеңестің шешімімен оның құрамынан мерзімінен бұрын шығарылуы мүмкін.

46. Қоғамдық кеңес шығып қалған мүшесінің орнына оның өкілеттіктерінің қалған мерзіміне осы Заңның 9-бабының 1-тармағына сәйкес конкурс нәтижелері бойынша немесе мемлекеттік органның шешімімен Қоғамдық кеңестің құрамына жаңа мүшесін қосу туралы шешім қабылдайды.

13. Өтпелі және қорытынды ережелер

47. Ереже жергілікті қоғамдастық жиналысын қалыптастыру тәртібіне  қолданылмайды, ол Қазақстан Республикасының жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы заңнамасымен регламенттеледі.

48. Жергілікті қоғамдастық жиналысы Қоғамдық кеңестің функцияларын «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» 2001 жылғы 23 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңымен және Заңмен белгіленген өкілеттіктерге сәйкес жүзеге асырады.

 

__________________________________

Жарияланған: 19.04.2016 - 16:39:44
Жаңартылған: 19.04.2016 - 16:45:18
© 2017

Ресми Интернет-ресурс

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдігі